ҚАН ШЕҢГЕЛ

Файзолла досым, аса қымбатты,
Мұң менен азап жаныма батты.
Өтпелі дәуір — өкініш уы…
Асау өзендей толқыны қатты…
Өзіңе аян өмірім, ісім ,
Көрдім ғой бейнет туған ел үшін.
Жабылған нақақ жаланы ойласам,
Өзегім күйіп, өртенеді ішім .
Ойсоқты болып қатты ғой басым,
Көзімнен көл боп ақты ғой жасым,
Сергелдең кешіп, сарғайып санам,
Төбемнен тура түсті ғой жасын.
Көбейген шақта сақалдың ағы,
Кетті ғой тайып ағаңның бағы.
Темір құрсаулы түрмеге мынау
Төртінші рет мен қамалдым тағы.
Ана сүтімен ақындық дарып,
Жыр жазып едім, отырмын налып.
«Халық жауы» боп қасірет шеккен.
Бүгінде енді менде бір ғаріп .
Езіліп жүрек, егіліп жүйе…
Өзіне-өзі бола алмай ие.
Енесі өлген ботадай боздап
Өкінесің кеп өзегің күйіп.
Дамылдап бір сәт табалмай тағат,
Кеттім деп япыр-ау, қай жерден ағат.
Түсесің ойға иір де шиыр…
Елестеп көзге мақсат пен мұрат.
Жегенім — желім, ішкенім — ірің,
Түсінер түбі халқым бір—пірім,
Басты кінә боп тағылды-ау маған,
Сүйгенім туған ұлтымның тілін.
Болама сұмдық дәл мұнан өткен,
Сталин заңы шықты ғой шектен.
Жауапты орында безбүйрек жандар,
Аяуды білмес мейрімсіз неткен.
Тегінде бәрін алған ғой таңдап,
Қол қойдырады азаптап, зорлап,
Сенбейді айтқан сөзіңе адал,
Мазақ қылады табалап, қорлап.
Ильич кетті тым ерте сөніп,
Жаңа заманды орнатып беріп,
Бүгінгі мынау ойранды ой-хой,
Оралып қайта көрсе ғой келіп.
Көрсе ғой шіркін, Ильичтің өзі,
Тартылар еді-ау әр істің тезі.
Тұнжырап тұрған «мұртты көсем»,
Қылды ғой әбден халықты мезі.
Серпіліп сонда ашылар тұман,
Тыйылар жөнсіз күдік пен күмән.
Кесапат күндер келмеске кетіп,
Туады анық нұрлы бір заман.
Қашанда болсын әділдік қымбат,
Партияға менде болғанмын солдат.
Қатемді түзеп, анықтап жолды,
Ильичтен тұңғыш алғанмын мандат…
Жасымда мынау алпыстан асқан,
Нұртайып беттен ажарым қашқан.
Отырмын мең-зең айып қабатып,
Туған халқыма атанып дұшпан.
Сырқырап жан-тән,сыздайды жүрек,
Еленбей әсте елге еткен еңбек.
Еңсеңді басып, есіңді алған,
Ашылар қашан бұл қара түнек.
Соңымнан ерген қуатты бір лек,
Үркердей шоғыр келеатқан түйдек.
Міржақып, Сәкен, Мағжан мен Мұхтар,
Болса екен аман,—деп тілек тілеп.
Атырам таңды, батырам күнді,
Бар шығар жандар менен де мұңды.
Қаншама азар берсе де даттап,
Мойындамадым тағылған мінді.
Сезеді жүрек… ажалым жақын,
Өлмейді босқа азамат ақын.
Өзіңе досым аманат жырым,
Бұл жазған тегі ең соңғы хатым.
Отанға сенем, халқыма сенем,
Айтыңдар менен ұрпаққа сәлем.
Жеткізер түбі еліме байтақ,
Атымды менің ақсұңқар өлең.
Ауысар ұрпақ ,алмасар жылдар,
Уақыт пен біздің жалғасар жырлар.
Жойылмас елге еткен еңбек,
Егерде ұрпақ табылса құндар.
Келеді алысып ақ пенен қара,
Қайғымен қуаныш, бақ пенен нала.
Ежелден бері етуде осылай.
Жаға жыртысып, шындық пен жала.
Жеңеді түбі әділет бірақ .
Болады анық жауап пен сұрақ .
Ашылса көзі басынан тұнып,
Мұхитқа айналар жылға мен бұлақ.
Танбаған бір сәт сүюден халқын,
Садуақасов Смағұл марқұм.
Голощекин мен Сталин бізді.
Түйыққа тіреп,—деп өтті әр күн.
Ұғар ма айтшы ғалымды надан,
Қажытты бізді қан шеңгел заман.
Жатырмын тілеп, Бейімбет, Сәкен,
Мағжан мен Мұхтар болса деп аман.
Шәкәрім — ағам, Жүсіпбек — інім,
Біреуі — айым, біреуі — күнім…
Секілді еді-ау. Опат боп кетті,
Сүюден танбай халқы мен елін.
Ұстаймын менде солардың жолын,
Ажал мен апат—оңым мен солым.
Болса егер қатем, кеше гөр елім,
Күткенім енді менің де өлім.
Сағынтты мені сүйікті мекен,
Түсіме кірді апам мен көкем ,
18 жылға сотталған еді-ау,
Патшаға қарсы күрескен әкем.
Мерзімін өтеп, қайтқанда елге,
Қарсы алдық шығып, жазира белге.
«Ақкөлім саған жеттім бе шын»—деп,
Топырақты сүйді жата қап жерге.
Меніде шырмап сағыныш сондай,
Ақкөлді ойлап құмарым қанбай,
Отырмын достым,ертеңім маған,
Сыйлайды екен тағдырды қандай.
Ақкөлде шіркін көзімді жұмсам,
Бір төмпешік болып сол жерде қалсам,
Арманым жоқ қой қабірімді сонда,
Құшақтап тұрса май қара жусан.
Халықпыз күншіл, бірлігі осал,
Білімсіз, ойсыз, тірлігі нашар.
Ру-ру боп шуылдап жүрміз,
Ұлт болмасақ, береке нашар.
«Қазақ емес, біз ежелден қырғыз,
Аталып солай, жазылған елміз.
Сен келіп оны қазақ деп жаздың,
Дейсің оқуды қазақша жүргіз.
Ойладың жаулық Советке әр күн,
Мысалдар жазып, дүркін де дүркін.
Әліппе жасап, «Тіл құрал» қылдың,
Зорлап кіргізіп арабтың ғарпін .
Бітеді ертең дәмің мен тұзың,
Бүгіннен бастап тірліктен безін.
Орысқа үйлендің, себебін айтсақ,
Жеккөресің сен қазақтың қызын.
Өтірік пе айтшы осының бәрі,
Болмайды енді қулығың дәрі.
«Халық жауысың» бетін бояған,
Өмір сүрмейсің сен мұнан әрі».
Осылай деп бір қанқұйлы қазақ ,
Басыма менің төндірді тозақ.
Дедім мен оған білгеніңді істе,
Сендерге енді бола алман мазақ.
Сүрдік қой өмір қолайсыз шақта,
Тасталдық жанған қып-қызыл шоққа
Бір кезде саған аманат қылған,
Мұрамды жеткіз келер ұрпаққа.
Елу жыл өтер, немесе ғасыр..

ЖАНАЙ БҰЛБҰЛ

Сүйген сәулем сен едің, Жанай еркем,
Жаның жайлау, ақ жүзің айдай көркем.
Жанай керім, Жанай бұлбұл,
Жанай сылқым, жан еркем.
Сен толықсып жанымда жүрген кезде,
Қуанышты көңілдің күйін шертем.
Жанай керім, Жанай бұлбұл,
Жанай сылқым, жан еркем.
Таңдап сүйген өмірде асыл жарым,
Толқып айтқан әніме қосыл, жаным.
Жанай керім, Жанай бұлбұл,
Жанай сылқым, жан еркем.
Бұлбұл үнді, нұр жүзді , Жанай еркем,
Қайда жүрсең мен сенің қасыңдамын.
Жанай керім, Жанай бұлбұл,
Жанай сылқым, жан еркем.

СЕНІҢ КӨЗІҢ

Сенің көзің түпсіз терең тұңғиықтан жаралған,
Сонда жатыр менде жүрген орындалмас бар арман.
Сенің жүзің көкте күннен, жерде гүлден нәр алған,
Шашың сенің – жан баспаған жапандағы қара орман.

Қас-кірпігің қарлығаштың қанатындай қап-қара,
Үлбіреген жүзің сенің ақ жібек пе, мақта ма?!
Әсем-басың әп-әдемі, мүсініңе шақ қана,
Шиедейін еріндерің қызарып тұр шоқтана.

Толықсыған тұла бойың шыбық па екен, тал ма екен,
Бейнең сенің баяу атқан жазғы шұғыла таң ба екен,
Күлкің сенің шашылған нұр, сезің кәусар, бал ма екен,
Бұл ғаламда сенен артқан, сірә, біреу бар ма екен!?

Бұл ғаламда сенен артқан жан бар деуге сепбеймін,
Сен солайсың, Ләйлім менің, сенбе маған, сен мейлің.
Бұл ғаламда сенен артқан бір жан болса егерде,
Өз көзімді өзім оям, оны мәңгі көрмеймін.

Зәмзәм суы сенен арзан, тата алмаған кәусарым,
Сенің әсем мүсініңді сөзбен қалай таусамын?!
Мың Мәжнүн мендей, сірә, тебіренбеген шығар-ау,
Аппақ құсым, қайдасың сен? Аңсадым-ау, аңсадым…

ӘГУГӘЙ

Ортамызда Төлеген тұрды жорға, ахау,
Сүрінбей ме, боз жорға қазған орға, әгугай, әгугай.
Қыз-Жібекті ойласаң нең кетеді, ахау,
Орамалы тұрады бес жүз жорға, әгугай,әгугай.

қ-сы.
А-а-ай, Айың тусын оңыңнан.
Жұлдызың тусын соңыңнан.
Хабарсыз кетсең тым ұзақ,
Сансызбай шығар соңыңнан.
Қыз-Жібек енді келгенше.
Иіліп сәлем бергенше.
Даяр етіп қоялық.
Салдырып сарай өзгеше.

Арамызда Төлеген көп жыл өтті, ахау,
Нелер келіп болмасқа, нелер кетті, әгугай, әгугай.
Арада өткен сегіз жыл сергелдеңде, ахау,
Хабар айтып жіберсең нең кетеді, әгугай, әгугай.

қ-сы.
А-а-ай, Айың тусын оңыңнан.
Жұлдызың тусын соңыңнан.
Хабарсыз кетсең тым ұзақ,
Сансызбай шығар соңыңнан.
Қыз-Жібек енді келгенше.
Иіліп сәлем бергенше.
Даяр етіп қоялық.
Салдырып сарай өзгеше.