СӘБИ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

…Құс та болғым келмейді!
Қанатым бар. .
Қанатым бар күмістен жаратылған.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Мына өмірден хабарсыз, жаңа туған.
От та болғым келмейді!
Жылуым бар.
Жылуым бар, керекпе жылыныңдар.
Әлди болғым келеді, әлди болғым –
Күн сәулесі ойнақтап тұлымында,
Отыратын анасы құлынымдеп.
Қанаттанып өмірге ұшарымда,
Кесілмесін бәрібір тұсауым да.
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Сәбиі жоқ Ананың құшағында.
Tap бесігі – кең жаһан тарылмаған,
Біреуге бар, біреуге табылмаған.-
Сәби болғым келеді, сәби болғым,
Ана сүті аузынан арылмаған.

АУЛЫҢ СЕНІҢ ІЛГЕРІ

Жатыр едім көгалда пішен шауып-ай,
Ақ көйлегім су болды-ау, жаңбыр жауып-ай.
Сен есіме түскенде, қимас қалқам-ай,
Ақ боз аттан жығылдым есім ауып-ай.

Аулың сенің іргелі-ай,
Шәй көйлегің бүрмелі-ай.
Айтарыңды айтып қал,
Отырмын ғой жүргелі-ай.

Қош бол, сәулем, көргенше,
Қайта айналып келгенше.
Уәдеңе берік бол,
Мен сендікпін өлгенше.

Айналайын көркіңнен орта бойлым-ай,
Сары майдан айырып, торта қойдым-ай.
Бір көргеннен өзіңді, қимас қалқам-ай,
Күлімкөз деп атыңды жорта қойдым-ай.

Аулың сенің іргелі-ай,
Шәй көйлегің бүрмелі-ай.
Айтарыңды айтып қал,
Отырмын ғой жүргелі-ай.

Қош бол, сәулем, көргенше,
Қайта айналып келгенше.
Уәдеңе берік бол,
Мен сендікпін өлгенше.

МОЛДАБАЙДЫҢ ӘНІ

Тәңірберген Молдабай,
Малға жарлы болса да,
Айтар сөзге, тілге бай.
Сөйлер сөзге келгенде,
Орынбордың алдында,
Тағалаған жорғадай.
Сөйле, тілім, жалықпа,
Жақында жақсы халыққа.
Білгеніңді айтпасаң,
Тыңдар сөзің бар ма екен?!
Сіздің айтқан халыққа,
Айтарыңды анықта,
Алтын құстай шалықта.
Жақсы менен жаманды,
Қаусырма жақ, қызыл тіл,
Көп ішінде анықта.

Молдабайдың әні еді,
Осылай қылып ән салсам,
Домбыраның сәні еді.

Алтын қалпақ, жез телпек,
Хандар киген көзіне.
Кімдер әуес болмаған,
Молдабайдың сөзіне.
Ақ жібегі болмаса,
Үйдің сәні келмейді.
Шым ораулы болмаса,
Шидің сәні келмейді.
Егескен жауын мұқатпай,
Ердің сәні келмейді.
Қара жерден қар кетпей,
Көкорай шалғын, жер кеппей,
Жердің сәні келмейді.
Үйрек ұшып, қаз қонбай,
Көлдің сәні келмейді.
Қызыл-жасыл киінбей,
Қыздың сәні келмейді.
Қыз боз бала жиылмай,
Жырдың сәні келмейді…

Молдабайдың әні еді,
Осылай қылып ән салсам,
Домбырамның сәні еді.

Терме Ұрланған уақыт

Жасалып жатыр ғой деп түрлі амалдар
Жетеді еткен ісін бұлдағандар.
Жерді басып жүр екен қалай ғана
Жер ананың байлығын ұрлағандар.
Мыс,мырыш,алтын,күміс,газ,мұнайды
Қазақтың керегіне қылмағандар.
Уақытпен алысып одан қалса
Ұлардай қаптап кетті шулағандар.
Құдайдың уақытын ойыншық қылды-ау
Жүздерін құбылаға бұрмағандар.
Е қызық көріп жасадыма құдай білсін
Халық еді деп сынаққа сынбаған дәл.
Басқа басқа дәл осы Семейімнің
Ел жұртын жынды қылды жынды адамдар
Арайлап атқан жазда таңды көрді
Өмірі түнгі екіде тұрмағандар.
Бестің шайын ішпей жатып кешті көрді
Қаһарлы қыспен бірге тулаған дәл.
Сағаттың уақытын қайтарайық
Легендер жағы талды жырлағандар.
Көкелерге айтарым төрде отырған
Кердеңдеп кеуде соғып туламаңдар.
Біраз жерге бардық қой ойнасақта
Бұрылып төмен жаққа бір қараңдар.
Онсызда бәрін ұрлап болдыңдар ғой
Енді елдің уақытын ұрламаңдар